«Аспан Бөрілері» немесе Шынғыс–ханның алтын руы

Борч-жигин руынан шыққан
Ұлы қаған Шыңғыстың
қаза тапқанына 777-жылдығына орай
(1227 жылы, 29 тамызы)

Монғолдың «Құпия шежіресінде» (13-ші ғасырдың дастан-жылнамасы) «Табиги Ханның» (“tus qaniyan” – дәлірек, «Генетикалық Хан») тұғырнамасы (концепциясы) қалыптастырылған. Оның негізі – жоғары биліктің бір әулет ішінде, атадан балаға, көшу дәстүрі («династийность власти»), яғни – билікке деген генетикалық хұқығы жайында. Қазақ халқы (ғасырлар даналығы!) оны былай тұжырымдайды: «Қардың басын қар алар – ханның басын хан алар»!

Бұл да кездейсоқ нәрсе емес, себебі Шыңғыс-ханның өзі көне түркі қағандар тұқымынан еді. Оның ата-бабалар ішінде – атақты қағандар Бұмын, Қапаған және Құтлықтар («Құпия шежіресінде» – Амбағай, Қабул және Хутулу қағандар). Тек өзінің Билікке деген хұқысының заңдылылығының арқасында («легитимность») — әрине, қолбасшы ретінде асқан даналылығымен дәлелденген! – тақыр кедей Темучин қаһарлы Алчин-Татар, Найман, Керей, Меркит хандарын өзіне бағындырып, атақты Шыңғыс-қаған немесе «Әлем Сілкіндірушісі» болуға мүмкіндік алды.

Көне Түркі қағанатын қалаған Ашина тайпасының Бөрі атты тотемдік руы болғаны баршамызға аян. Билікке жеткен соң, осы Бөрілер ғасыр қойнаунан келе жатқан («Тұрлар» — «Тұран») Түрк немесе Көк Түрк («Аспан Түрктері») саяси лауазым-есімін алған. Ру-тайпалық аңыздар бойынша («этногония»), Ашина тайпасының өзі де Бөрі-Қаншық пен Ғұн баласының қосылуынан пайда болған-мыс. Бұл баланы, атақты ғұн тұқымы өрбимесін деп, жаулар қол-аяғын кесіп, айдалада тастап кеткен, ал қасқырдың Қаншығы оны құтқарған-мыс. Бугут стеласында (6 ғ.) қол-аяғы кескіленген баланы емізіп жатқан Бөрі-Қаншықтың суреті сақталған. Рим қаласын қалаған Ромул мен Ремдердің тағдырластары жоқ емес екенін осыдан да аңғаруға болады. Басқаша айтқанда, қасқыр тотемдік сарыны көшпелілер (номадтар) тарихының тұрақты буыны («архетип») екендігінің көптеген дәлелдерінің бірі. Қытай жылнамалары бойынша, Цзинь дәуірінің бастапқы кезеңінің өзінде (265 ж.) Ашина үйі (әулеті) 10-ші буынында билік құрған көрінеді (Зуев).

Көшпелі халықтарының өз өзін тану рәсімінде («самоидентификация») тотемдік нанымдары бас рөль атқарғаны тарихтан мәлім. Қасқыр түркі тілінде – Бөрі, қытай жазуларында — Фули (қытай құжаттарында түркілердің ресми атауы!). Ру есімі («этноним») ретінде Бөрі сөзінің бірнеше формалары қалыптасқан: Бөрі – Бөрічлі – Бөрч – Берч – Бурч – Бурджи – Борз және т.с.с. Көк Түрк дәуірінде Берч атауы тотемдік және қағандық руының есімі ретінде қолданылған. Осы этноним «Күл-Тегін ескерткіші» жырында (8 ғ.) сақталған: «Куруйа күн батсыкдагы Согд Берч букарак улус будунта Нен-Сенгун Огул-Тархан келті» — «Құрдымдағы (алыстағы), күн батысынан, Соғдыдан — Берч халқына (тәуілді) ұлыстан – Нен-Сенгун мен Огул-Тархан келді» (А.Атабектің аудармасы). Қағанаттың тотемдік руының (Бөрі-Берч) батыс елдеріне деген ықпалы («протекторат») болғандығын қытай жылнамаларының мәліметі (661 жылғы) дәлелдейді: «Босыда губернаторлық құрылды, және Билус басшы болып тағайындалды» (Бичурин бойынша; мұнда Босы – Персия мен Соғд, Билус – Берч).

Тотемдік Берч (Бөрі) руы Ашина немесе Алшын (С.Аманжоловтың идентификациясы) тайпасының 24 руының бірі еді. Осы тайпаның да есімі тәңіршілік пен тотемдік мағынасына ие: 1) «алшын» — «шабындықтан кейін өсетін жас шөп» немесе «өлместік, мәңгілік шөбі»; «алшы» — «жеңіс, ұтыс»; тұтас алғында, «Алшын» — «Өлместік, Мәңгілік, Көнелік, Алшақтық, Құндылық»; 2) «Ал-шын» — «Қызыл Бөрі» немесе «Аспан Бөрі» («чино» — монғолша «қасқыр», «ал» — түркіше «қызыл, ал-қызыл», тұспалдау мағынасында – «аспанды, тәңірлі».

«Тотемдік тәңіршілік» — көшпелілер ой-санасының негізгісі. Тотемдер – халықтың тағдырласы, сондықтан тарихи жағдайларына байланысты, халықпен бірге өзгеріп, жетіліп, дамып тұрады. Ұлы Қағанаттың күйреу кезеңіңде түркі Бөрісі (Берч) половецтердің Құмайына (Итке) айналды; осыған байланысты, тайпаның да аты өзгерді – Құман (н/й дыбыстар алмасуы заңды), немесе Половец, немесе Қыпшақ (қазақша – Құмай-Тазы). Алтын Орда заманында осы сөздің тура көшірмесі («калька») кең тарап кетті – Ногай (монғолша «ноха» — «ит»).

Сонымен бірге, Аспан Бөрісі «Алшын» киелі Құс «Лашынға» айналып кетті (тілдік инверсия заңына сәйкес: ал-ла). Бара-бара осы сөздің мағыналық баламасы («аналог») пайда болды – «Қыят», яғни «Қию, Кесу, Өлтіру» мағынасында. Қазақ күні бүгінге дейін осы құсты «Лашын-Қыят» дейді (М.Мұхитденовтың нұсқауы). Аңыз бойынша, Шыңғыс-ханның атасы Бодончар лашын құспен аңға шығып, осымен күнелткен екен (тотем мазмұнын тұрмыстық болмысына сәйкестіндіру – барлық халықтарға тән дәстүр).

Шыңғыс-ханның руы баршаға мәлім («Құпия шежіресі» және басқа деректер бойынша), ол – Борч-Жигин («Борч»-«Бөрі»; «Жигин» — «Иесі», қосымша сөзі) руы, Қыят («Лашын») тайпасынан. Жоғарыда көрсеткендей, Қыят-Борч (жигин) мен Алшын-Берч – осы екеуі де бір ру атауын («этноним») меңзейді. Яғни Шыңғыс-ханның тегі — «Аспан Бөрілер» яғни «Лашындар» (Ашина-Алшын-Қыят) тайпасының тотемдік-қағанлық «Бөрі» (Берч-Борч) руы.

Ұлы Түркі қағанаты да, Монғол қағанаты да – бір жерде (аймақта), бір ру тайпа күшімен құрылғандары тарихтан белгілі. Орхон мен Керулен өзендер аралығы – талай қағандардың кіндік қаны тамған жері. Сондықтан, Күл-Тегіннің бас киімінде де («тиара»), Шыңғыс-ханның ақ, рулық, байрағында да – бір қасиетті, киелі Құс Қыят-Лашынның суреті болуы кездейсоқ нәрсе емес!

Осы тотемнің кейінгі дамуының арқасында «Лашын» «Қазға» ауыстырылды. Аңыз бойынша, Құмай-Тазы киелі Қаздың жұмыртқасынан жаралған-мыс. Қаздың күштілігі соншалық — қақаған аяз түспей қанатына тұрмайды екен. Қаздар дауыстап өтіп баратқанда, көшпелі қазақтар аруақ сезінгендей, мистикалық күйге түсетін болған (Диваев). Қаздауысты билер болғаны да кездейсоқ емес. Бүкіл халық осы тотемді ортақ атау («этноним») ретінде қабылдаған: «Қаз-Ақ» — «Ақ немесе Аспан Қазысы».

Сондықтан, Бөрі де, Құмай да, Лашын да, Қаз да – осылардың бәрі де бір тотемдік түсініктің, бір діні жүйесінің шеңберінде (Тәңіршілік) ғасырлар бойы дамыған бір халықтың атаулары («этноним») екені сөзсіз тарихи шындық.

Тіл білімінде («языкознание») «Қасқыр және оған табыну рәсімдері» («культы») атты тақырып Ностратика деген адамзаттың алғашқы тілін («пра-язык») зерттейтін ілім тұңғиығына жетелейді (Вяч.Иванов және б.). Алайда, бізді тарих тұрғыдан айқындау дәуірлер қызықтырады. Қытай жылнамалары бойынша, «Билус, Босыми билік Үйінің ата-бабасы («родоначальник»), Үлкен Юечжидің бір бөлігін құраған, сондықтан, оның аты билік Үйінің және мемлекеттің атауы ретінде алынған» (Бичурин бойынша). Мұнда Берч (Билус) этнонимі және Персия (Барсил, Парсил) елі атауының арасындағы байланысы туралы айтылған.

Византиялық тарихшысы Феофанның жазуына қарағанда, «хазарлар-Ұлы Берсилиядан (Берс немесе Берч елінен – А.А.) шыққан халық», және ол Даикс (Жайық) пен Танаис (Дон) аралығын мекен еткен. Арабтар Кавказдың солтүстік өңірін («Предкавказье») Аль-Баршалия (Барш немесе Берш елі) ретінде таныған. Ұлы Болгарияның (Кұбан өзеніндегі) қағанлық руы Берсула (Берс-ұлы), ал Дунай Болгарияның патша әулеті – Осень (Ашина) тайпасынан болған. Атақты орыс қоназы Игорьді («Игорь жорығы туралы сөз») тұтқынға алған Бурч (Бурчевичи) руының сарбаздары; оларды басқарған Кончак пен Гзак (Қазақ!) хандары. Осы Бурджи (араб жазуындағы) руынан шаққан жауынгерлер Мысыр елінде мәмлүк султандар әулетін («династия») құрған. Солардың бірі, Бейбарс, тасқа қашалған жазуын қалдырған: «Мен Түрк тайпасы Берч ұлымын» (13 ғ.).

Сөйтіп, Ұлы Қағанаттың қағанлық руы Бөрі-Берч болды. Алайда, Бөрі-Қаншықтың ұлдары тек қана Берчидтер (Берч әулеті) емес – Ашина (Алшын) тайпасының басқа да рулары еді; олар да жоғары билікке деген заңды хұқыққа («легитимность») ие болған. Сондықтан, Берчидтерден (нақты Көк Түркілерден) кейін билік Байуркы (Байулы), Адье (Адай) және Яғла-қар (Жағал-байлы) рулары басқарған Тоғыз-Оғыз немесе Ұйғыр одағының қолына көшті (Ұйғыр қағанаты).

Ал, 4-6 ғғ. Ұлы Далада Жужандар немесе Юандар үстемдік көрсеткен (Жужань қағанаты). Бұл этноним – «Алчин» атауның қытай тіліне тура көшірмесі («калька»), негізгі мағынасы – «Өлместік, Негіздік, Көнелік, Алшақтық, Құндылық». Сөз орайына, осы тайпаның есімі әр дәуірлерде, әр халықтарда, әртүрлі айтылған: Алчин, Юань-Жужань, Ашина, Осень, Алаш, Алаша, Улашевичи-Алашевичи, Алцинхут, Алшын. Қазақта, ежелгі бірліктің нышаны сияқты, киелі сөз-тіркесі сақталған: «Алты бөріг Алаш» (Кеген жазуы; Махмудов бойынша). Бұл этноним Көк-Түрк кезеңінде де қолданылған: «682 жылы көтеріліске шықты Гудулу (Құтлығ)… Ханьли Юань-ин буынның басшысы» (қытай жылнамаларынан; Гумилев бойынша). Шыңғыс-ханның ұрпақтары (Құбылай-хан), Қытайды бағындарған кезде, көне этнонимді өз әулетінің («династия») атауы ретінде қайтадан жаңғыртқаны да назар аударарлық жәйт — «Юань»!

Бірақ, дәл осылардан, Шыңғыс-хан ұрпақтарынан, тұтас бір тайпаның да, рудың да екіге қақ айрылғаны басталды. Ұлы «Әлем Сілкіндірушісі», шынайы тәңіршіл адам ретінде, жоғары Билікті тұтас «Борч-Жигин алтын руына» қалдырған («Құпия шежіресі»). Алайда, мұрагерлер үшін топтық (клан), аталық (семья) қажеттіліктері тұтас тайпаның мүддесінен артық көрінді. Сондықтан, 1227 жылдан бастап (Шыңғыс ханның өлімі) Ұлы Далада тек қана Чингизидтер (Борчидтер) алтын таққа иелік жасай алатын болған. Олардың қандастары, Берчидтер мен Алчинидтер, яғни Берч руы мен Алчин тайпасы – енді «қарасүйек» ретінде есептелетін болды.

«Бөрі» руының осы құпия тарихы («сакральная история») тек қана чингизитдердің («төре») құпия жазбаларында («Құпия шежіресі»), арқалы жыраулардың аруақты жырларында және теңдесі жоқ ауыз әдебиетінің үлгілерінде сақталған. Мысалы, белгілі Тезек сұлтанның (19 ғ.) өлімінде оның қызы мынандай жоқтау айтқан:

* * *

(Диваев бойынша; М.Мұхитденовтың нұсқауы)

Берчидтер мен Борчидтер (Чингизидтер) арасындағы трагедиялық туыстығы мен дұшпандығы «карма», яғни «ұлт тағдыры», деңгейінде ақын Махамбет пен хан Жәңгірдің айқасы ретінде қайталанды. 19 ғасырда Шыңғыс-ханның арқалы күші («харизма») өз-өзін тауысқан – және Тотемның, Алғашқы Ата-Бабаның («Первопредок») мистиқалық қайраты қайта жандандырған. Жеке топтық («клан»), жеке аталық («семья») хандар орнына қайтадан ежелгі ру-тайпалық, халықтік, ұлттық көсемдері – «Аспан Бөрілері» — келді.

 

Ашина (Алшын) тайпасының
Қаған әулеттерінің хронологиясы:

Жужань – Юань (Алчин, Алаш, Алаша) — 4-6 ғғ., Жужан қағанаты;
Берч (Бөрі) – 6-8 ғғ., Ұлы Түркі қағанаты;
Байурқы (Байұлы) – 8-9 ғғ., Ұйғыр қағанаты;
Бурч (Бурчевичи) – 10-12 ғғ., Половец – Құман – Қыпшақ хандығы;
Борч (Борч – Жигин) – 13-19 ғғ., Монғол қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы және басқа ордалар.

Арон Атабек

06.09.04