Әрбір Қазақстандыққа – жеке шаңырақ!
«Шаңырақ –Қазақстан» қоғамының мәлімдемесі
2006 жылдың 14 шілдесінде орын алған Оқиға «Шаңырақ Көтерілісі» — атпен Тарихқа кіргені белгілі. Бұл оқиға аты-шулы Желтоқсан Оқиғасының қайталануы және Шынайы Тәуелсіздік пен Ұлттық Жаңғыру үшін қазақ халқының күресінде келесі елеулі серпіні боп табылады.
Жер және Баспана – бүгінгі таңда Қазақстан үшін ең көкейкесті мәселе екені айдай анық. Осы мәселені шешу үшін біздің қол қусырып жоғарғы жақтан «Дана жарлықты» күтуіміз жеткілікті емес. Және мұндай «даналық» Назарбаев Режимі тарапынан болуы тіпті мүмкін емес – себебі оның бар «даналығы» қазақ халқы мен қазақ мемлекетін тонау мен ыдырату үшін неше түрлі айла-амалдарын табуға жұмсалынып кеткен.
Сондықтан, «Төмен» жақтан бастамасын алатын жалпыхалықтық қозғалысын дүниеге келтіру өміршең қажеттілік өмірдің өзінен туындап тұр. Бұл қозғалыстың негізгі мақсаты «Жер және Баспана» сөздерімен айқындалады.
Осы екі негізгі ұғымды өз атында тоғыстырған және үй-күйсіз жүрген қазақтардың қамы үшін күрескен қоғамдық ұйым 2006 жылдың сәуір айында құрылған. Ол — «Жер және Баспана» комитеті (төрағасы – А.Атабек). Осы комитеттің мүшелері, сөз бен істің ажырамас тұтастығын көрсете біліп, «Бақай», «Шаңырақ» және көптеген жатақханалар үшін қанды шайқастарға белсене түрде қатысқан.
Аяусыз күрестің логикасы арамыздағы белсенділерімізді Назарбаев Режимінің абақтысына қамалуына әкеліп соқты. Осы тар қапаста отырған «Шаңырақ Көтерілісі» бойынша 17 сотталушы «Шаңырақ – Қазақстан» қоғамын құру жөніндегі шешім қабылдады. Осы шешім 2006 жылы 8 желтоқсан күні жазбаша құжат күйінде (Хаттама – Протокол, Бағдарлама және с.с.) реттеліп — «Воляға» (бостандыққа) жіберілді. Бірақ, бізге (қамаудағы) байланысты елге көлденең жағдайлардың кесірінен – бұл хабар кең жұртшылыққа жеткен емес.
Бүгінгі таңда, күрескер – жолдастарымыздың тең жартысы (17 адамның 9-ы) бостандыққа («қолхат» арқылы) шыққанына байланысты – біз осы «Шаңырақ – Қазақстан» қоғамның негізгі бағдарламалық мақсаттар мен принциптерін халыққа жеткізуді қажет деп ұйғардық. Сонымен қатар, тиісті заң мекемелерге арыз түсіріп, «Шаңырақ – Қазақстан» қоғамды ресми тіркеуге талпыныс жасап отырмыз.
Аталмыш қоғамдық Ұйымның дәл абақтының жағдайында дүниеге келуінің өзі біз аса маңызды ақиқат ретінде қабылдаймыз – себебі бұл шынайы күрескерлік пен Ұлттық Идея үшін жан қиярлықтың белгісі екені хақ!
«Шаңырақ – Қазақстан» қоғамы – бұл саяси партия емес, бұл негізінде – күрескер азаматтардың жолдастығы. Бірақ, «Шаңырақ» мәселесі нақты «Шаңырақ» (Алматы жанындағы ықшамауданы) шеңберінен әлдеқашан шығып кеткендіктен және бүкіл Қазақстандық мәселе дәрежесіне жеткендіктен – осы қоғамға кіру есігі Әлеуметтік Әділдік пен Ұлттық Жаңғыру идеалдары үшін шынайы күрескерлерге (демократтарға емес) әрқашан ашық.
Осы Идеалдардың «Сегіз қырлы бір сырлылығын» біз бір ғана қысқа әрі нұсқа ұранмен жеткізе аламыз, ол:
ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА – ЖЕКЕ ШАҢЫРАҚ!
Жаратушы Иеміздің мейірімі мен берекесі осы бәрімізге ортақ ШАҢЫРАҚ – ҚАЗАҚСТАНҒА ТӨГІЛСІН!
«Шаңырақ-Қазақстан» қоғамының президенті:
Арон Атабек (Едигеев)
Президиум мүшелері:
Марғұлан Сүйіндіков
Құрманғазы Үтегенов
Ерқанат Тараншиев
Рүстем Тұяқов
Болат Қайсенов
9 мамыр 2007 жыл
СИЗО-І, Алматы